Қазгермұнай Қызылорда облысының қажеті үшін газ дайындау қуатын белсенді дамытуда
23 желтоқсан 2025
Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов «Қазгермұнай» БК» ЖШС (ҚГМ) кен орындарында болып, өңір үшін маңызы зор негізгі өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысымен танысты.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның жан-жақты қолдауының арқасында ҚГМ өз иелігіндегі тауарлық және сұйытылған мұнай газдарын дайындайтын қолданыстағы қондырғыларына сыртқы жер қойнауын пайдаланушыларды қосып жатыр. Аталмыш жобаны іске асыру жергілікті компанияларға қымбат газ өңдеу қондырғыларын салмай-ақ, ілеспе мұнай газын утилизациялау мәселесін шешуге мүмкіндік береді және мұнай өндіру көлемін ұлғайту үшін шектеулерді алып тастайды. Осылайша қоры аз кен орындарды игеру экономикалық тұрғыдан тартымды болмақ.
Нұралы мен Ақшабұлақ кен орындарында келісімшарттық міндеттемелер аясында шикі газды процессингке жеткізуді «ҚазПетрол Груп» пен «Тұзкөл Мұнай Газ Оперейтинг» компаниялары орындауда. Аталмыш жер қойнауын пайдаланушылардан шикі газ жеткізудің әлеуетті көлемі жылына шамамен 250 млн м³ құрайды. Одан жылына 220 млн м³ тауарлық газ және 50 мың тоннаға дейін сұйытылған мұнай газы шығарылады.
Б.Абайылдановқа шикі газды өндіру мен жеткізудің болашақтағы өсімін ескере отырып әзірленген газ дайындау қондырғыларын жаңғырту жоспары таныстырылды. Жабдықтарды жаңарту компрессорлық қондырғылар жұмысының сенімділігін арттырады және сұйытылған газ өндірісін жылына 20 мың тоннаға дейін ұлғайтады. Бастапқы кезеңде экономикалық тиімділік жылына 2 млрд теңгеге дейін болады деп жоспарлануда.
Жалпы жобаны іске асыру сұйытылған және тауарлық газ өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік беріп, оны Қызылорда ЖЭО, Шыны зауыты және Ақшабұлақ ГТЭС нысандарын қоса алғанда, еліміздің оңтүстік өңірлеріне тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеді.
ҚГМ бас директоры Зияш Қияқбаев биылғы 11 айда мұнай өндіру көлемі 832 мың тоннаға жуықтап, жоспарлы көрсеткіштен 3,3 мың тоннаға артық орындалғанын баяндады.
Кәсіпорында мұнай өндіру деңгейін ұстап тұруға бағытталған геологиялық-техникалық іс-шаралар кешені іске асырылуда, соның ішінде жер қабатын сумен жару, қабылдау профилін теңестіру бар. Қабатты газдинамикалық әдіспен жару технологияларының тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтары, ұңғымалардың өнімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ жөндеу-оқшаулау жұмыстары атқарылып келеді.
Қорлардың 88% игеріліп қойылғанын ескеріп, ҚГМ Ақшабұлақ және Нұралы кен орындары тобында қосымша барлауды тұрақты негізде жүзеге асырып, жаңа перспективті учаскелерді іздестіру іс-шараларын жүргізіп келеді. Қосымша барлау жұмыстардың және алынған жаңа геологиялық деректердің нәтижелері бойынша қорлар қайта есептелуде. Өндірілетін қорлардың өсімі шамамен 450 мың тонна мұнайды құрайды.
ҚГМ алдына операциялық тиімділікті арттыру, жұмыс істеп тұрған кен орындарында қосымша барлауды сапалы жүргізу және ресурстық базаны кеңейту бойынша міндеттер қойылды.


