«Әке, ана, мен – спортты жанұя!» – Қазгермунайда Балаларды қорғау күніне орай отбасылық эстафета өтті
05 маусым 2025
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Казгермунай» БК» ЖШС кеңсесінің теннис алаңында жарқын әрі көңілді «Әке, ана, мен – спортты жанұя!» атты отбасылық спорттық эстафета ұйымдастырылды. Іс-шара компания қызметкерлерінің отбасыларын біріктіріп, бұл күнді қуаныш пен белсенділікпен өткізуді мақсат етті.
Қатысушылар алты кезеңнен тұратын жарыстарда бақ сынады. Оларға «жылан» жүгірісі, доппен жұмыс істеу, секіртпемен және ұзындыққа секіру, шеңбермен эстафета және арқан тарту жаттығулары кірді. Ата-аналар мен балалар тамаша үйлесімділік, спорттық жігер мен нағыз командалық рух көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
1 орын — Киясов Сериктің отбасы («Ақшабұлақ» кен орнындағы корпоративтік қауіпсіздік қызметінің инспекторы), «Технодом» дүкеніне 200 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.
2 орын — Қайрақбаева Айнұрдың отбасы (әкімшілік-шаруашылық жұмыстар жөніндегі жетекші маман), 150 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.
3 орын — Өтеміс Дәулеттің отбасы (сатып алу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары), 100 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.
4 орын — Шер Бауыржанның отбасы («Ақшабұлақ» кен орнындағы ұңғымаларды химиялық өңдеу операторы), 50 000 теңгелік сертификат алды.
Барлық қатысушыларға естелік дипломдар табысталды. Ашылу және марапаттау рәсіміне компанияның бас директорының бірінші орынбасары Мин Хайхуэй және геология және өндіру жөніндегі бас директордың орынбасары Ақылбек Жоламан қатысты.
Мин Хайхуэй құттықтау сөзінде жиналғандарды мейраммен құттықтап:
«Балалар – бұл біздің болашағымыз, ал отбасы – біздің компания үшін басты құндылықтардың бірі. Сондықтан мұндай игі бастамаларды әрқашан қолдауға дайынбыз», – деді.
Іс-шара мерекелік фуршетпен аяқталды.