Құрылтай: «Қазгермұнай» қызметкерлерінің үлесі облыс деңгейінде атап өтілді
28 қаңтар 2026
«Қазгермұнай» БК» ЖШС кеңсесінде V Ұлттық құрылтайды өткізу бойынша қосымша ұйымдастыру жұмыстарына қатысқан компания және мердігер ұйымдардың қызметкерлеріне Қызылорда облысы әкімдігінің Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Барлығы Серіктестіктің 9 қызметкері мен компанияның мердігер ұйымдарының 25 жұмысшысы марапатталды. Құрылтай өткізу кезеңінде олар үйлестіру және жедел техникалық қолдау көрсетуге белсене қатысып, республикалық деңгейдегі іс-шараны жоғары ұйымдастырушылықпен өткізуге мүмкіндік берді.
Бұған дейін Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаты «Қазгермұнай» БК» ЖШС Бас директоры Зияш Қияқбаевқа табысталған болатын.
Салтанатты шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген ол әрбір қызметкердің қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті: «Мұндай жоғары деңгейдегі іс-шаралар тек мемлекет басшылығының шешімімен ғана емес, жергілікті жердегі мамандардың қажырлы, нақты әрі үйлесімді жұмысының арқасында жүзеге асады. Осы күндері сабырлылық танытып, кәсібилікпен және бар күш-жігерлеріңізбен жұмыс істедіңіздер. Сіздер тек біздің компанияны ғана емес, бүкіл өңірді лайықты деңгейде көрсете білдіңіздер».
Ұлттық құрылтай — жалпыұлттық пікір алмасуды нығайтуға және ел дамуының негізгі бағыттарын талқылауға бағытталған маңызды қоғамдық-саяси алаң. Бұл іс-шараның Қызылордада өткізілуі өңірдің ерекше тарихи және әлеуметтік маңызын айқындап берді.
Компания басшылығы барлық қызметкерлерге кәсібиліктері, жоғары жауапкершіліктері және республикалық маңызы бар іс-шараның табысты өтуіне қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
