Қызылорда облысына жұмыс сапарымен ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек келді.
25 маусым 2025
2025 жылғы 25 маусымда Энергетика вице-министрі өңірдің көмірсутек саласындағы барлау және мұнай-газ компанияларымен кеңес өткізді, сондай-ақ Қызылорда облысының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәслелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді.
Кездесу барысында Қ. Арымбек жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың талаптарын сақтау және жобалық шешімдерді орындау бойынша компаниялардың бірінші басшыларының ақпаратын тыңдады.
2024 жылы өңірдің жер қойнауын пайдаланушылары тарапынан 368 пог. км көлемінде 2Д, сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізіліп, 3 барлау ұңғымасы бүрғыланды. 2030 жылға дейінгі минималды жұмыс бағдарламасына сәйкес жалпы сомасы шамамен 13,4 млрд теңге болатын 30 барлау ұңғымасын бұрғылау көзделген.
2025 жылы Торғай-палеозой учаскесінде 5585 метр тереңдікте ұңғыма бұрғылау жұмыстары аяқталды. Өңірде жекеменшік жер қойнауын пайдаланушы тарапынан 6000 метр тереңдікте ұңғыма бұрғылау мәселесі қаралуда.
Мұнай-газ өндіруші компаниялардың бірінші басшыларымен кездесу барысында компаниялардың қазіргі өндірістік көрсеткіштері мен өңірде іске асырылып жатқан мұнай-газ жобаларының даму перспетивалары талқыланды.
Қызылорда облысының энергетикалық қауіпсіздігін қаматамасыз ету бойынша жұмыс кеңесі аясында вице-министр Ақшабұлақ-Қызылорда магистральдық газ құбырының екінші желісін салу мәселелерін талқылап, тауарлық газға қолайлы баға белгілеу және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында заңнамалық нормаларды әзірлеп, бекітудің қажеттілігін атап өтті.
Вице-министр ұлттық салалық заңнамадағы өзгерістерге қатысты түсініктемелер беріп, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізудің, сондай-ақ жобалық шешімдердің орындалуы мен сақталуының маңызды екенін тағы да атап өтті.
«Қазгермұнай» Серіктестігі іс-шараны өткізуге алаң ұсынып, Қызылорда облысының және жалпы саланың дамуына ықпал ететін мемлекет пен бизнес арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі қолдауға дайын екенін білдірді.