Қызылордада KAZENERGY Әйелдер энергетикалық клубының көшпелі отырысы өтті
15 мамыр 2026
2026 жылғы 15 мамырда Қызылордада «Қазгермұнай» БК» ЖШС базасында Қазақстанның энергетика саласының өкілдерін біріктірген KazEnergy Әйелдер энергетикалық клубының (ӘЭК) Атқарушы комитетінің көшпелі отырысы өтті.
Іс-шараның тақырыбы — «Трансформация энергиясы: кәсібилік пен шеберліктен — жауапкершілік пен көшбасшылыққа» – адами капиталды дамыту, ESG-күн тәртібі, әйелдердің кәсіби өсуі және қазіргі энергетикадағы әйелдер көшбасшылығын нығайту мәселелеріне арналды.
Іс-шараны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ акционерлерінің қолдауымен «Қазгермұнай» БК» ЖШС, ұйымдастырды. Отырыс жұмысына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС, NCOC N. V, «Қазақстандағы КННК Интернационал» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «АлЭС» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В.» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Урихтау Оперейтинг» ЖШС, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «ҚАЗГИПРОНЕФТЕТРАНС» ЖШС, «Сафи Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университеті» КЕАҚ, «PSA» ЖШС ӨБК, «Екібастұз 1-МАЭС және 2МАЭС» АҚ» өкілдері қатысты. Спикерлер қатарында өндірістік және экологиялық бөлімшелердің, HR-бағыттардың және ESG-блоктардың басшылары, инженерлері, мамандары сөз сөйледі.
Қатысушыларға «Қазгермұнай» БК» ЖШС Басқармасы, KAZENERGY және қатысушы компаниялардың өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
Спикерлер өз сөздерінде Қазақстанның энергетикасын дамытуда, заманауи технологияларды енгізуде, орнықты даму қағидаттарын ілгерілетуде және жаңа корпоративтік мәдениетті қалыптастыруда әйелдердің өсіп келе жатқан рөлін атап өтті.
Ресми бөлімнен кейін қонақтар үшін мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Қатысушылар Қызылорданың көрікті жерлерін, аймақтың мұражай нысандарын, сондай-ақ Қазақстанның негізгі рухани орындарының бірі – Қармақшы ауданындағы Қорқыт Ата мемориалдық кешенін аралады.
Іс-шара жылы және достық атмосферада салтанатты гала-кешкі аспен аяқталды. «Қазгермұнай» БК» ЖШС басшылығы қатысушыларға белсенді қатысқаны, ашық диалогы және энергетика саласындағы әйелдердің кәсіби қоғамдастығын дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Қызылордада KAZENERGY ӘЭК көшпелі отырысын өткізу кәсіби байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстан энергетикасындағы әйелдер көшбасшылығын ілгерілетуге тағы бір қадам болды.


