Ұжымдық келісім-шартқа қол қою
26 қаңтар 2016
«Қазгермұнай» БК ЖШС-де жұмыс беруші мен еңбек ұжымының арасында 2016-2018 жылдарға арналған Ұжымдық келісім-шартқа қол қойылды.
Аталған маңызды құжатты дайындау барысында ұжымдық шарт талаптарын «Қазгермұнай» БК ЖШС Қатысушылары: «ҚазМұнайГаз» БӨ АҚ және «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ тиісті бөлімдерімен талқылай отырып үлкен жұмыс атқарылды. Құжаттың барлық шарттарын Қатысушылардың кадрлық және қаржылық қызметтерімен және басшылықтарымен қарау және келісу нәтижесінде еңбек қорғау және төлемақыны нормалаудың, қызметкерлерді әлеуметтік қолдаудың барлық түрлері мен көлемдерін сақтай отырып ұжымдық шартты жасауға келісім алынды.
Сонымен әлемдік мұнай бағасының төмендеуі мен дағдарысқа байланысты мұнай-газ саласында туындаған қиын жағдайға қарамастан «Қазгермұнай» БК ЖШС және оның Қатысушылары еңбек ақы төлемінің, өндірістік және қаржылық қызметінің нәтижесіне орай сыйақы төлеу, материалдық көтермелеулер, сонымен қатар мерекелер мен маңызды жағдайларға байланысты төленетін әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер шығындарын азайтпай қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету жөнінде бір шешімге келді. Бұл - Елбасымыздың Қазақстан халқына жолдаған жолдауын бағытқа ала отырып Серіктестіктің Қазақстан Республикасының және Қызылорда өңірінің дамуы мен гүлденуі жолында тер төгіп жүрген еңбек ұжымына қатысты әлеуметтік жауапкершілігін көрсетуінің нақты қадамы болды.