Мұнайшылардың қала балаларына арналған сыйлығы
31 шілде 2014
ЖШС «Қазгермұнай» Біріккен Кәсіпорны өз есебінен «Шұғыла» мөлтек ауданында демалыс саябағын салды. Саябақ құрылысына жетпіс миллион теңге жұмсалды. Үстіміздегі жылдың 31 шілдесінде саябақтың ашылу салтанаты өткізілді. Ашылу салтанатында тұрғындарға мерекелік концерт ұйымдастырылып, балаларға сыйлық таратылды. Саябақтың ашылу салтанатына Облыс әкімі Қ.Е.Көшербаев және ЖШС «Қазгермұнай» Біріккен Кәсіпорнының бас директоры М.С.Кәрім қатысты.
Жайлы гүлзарда бұрқақ пен балаларға арналған бассейн, күркелер мен ойын атракциондары орнатылған, гүлдер мен ағаштар отырғызылған. Балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, денсаулықтарын нығайту үшін қажетті ізгі іс болғандықтан компания облыс басшылығы тарапынан шыққан саябақ құрылысын салу идеясын қостауды жөн санады.
Бұрынғы аквасаябақтың орнына салынған жаңа демалыс аймағы жергілікті тұрғындардың демалатын сүйікті орнына айналды. Қазірдің өзінде жүздеген балалар бассейнде шомылып, әткеншек теуіп көңілді демалуда. Бассейн жанындағы күннен қорғалған күркелерде отырып ата-аналары балаларын бақылайды.